Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қор бөлімінде көп жылдардан бері сақталып, ешқайда көрсетілмеген режиссер Жұмат Шаниннің жұбайы, қазақ театрының алғашқы әйел әртістерінің бірі, әнші Жанбике Шанинаның майлы бояумен салынған суреті табылды. Бұл құнды жәдігерді музейге 1992 жылы музейге Қарағанды қаласының тұрғыны, Жанбике Шанинаның сіңлісі Мазира Төлеубекова (1914 жылы туған) тапсырған. Бұл картинада Жанбике Шанина Мұхтар Әуезовтың «Қаракөз» пьесасында Қаракөз рөлін сомдаған киімінде салынған. Мазира Төлеубекованың қалтырған деректері бойынша, картина жобамен 1928-1930 жылдары салынған. Жанбике Шанина бала жасынан өнерге құштар болып өсіп, Жұмат Шанинге тұрмысқа шыққан соң, тетар сахнасында өнерін ұштай түсті. Кейін «халық жауының туысы» деген жаламен сегіз жылға бас бостандығынан айырылып, АЛЖИР түрмесіне қамалған. Мерзімін өтеген соң еліне, қайта оралып, тігінші болып еңбек етіп, 1950 жылдары дүниеден өтті.