«Қазақы тәрбиенің қайнарына сусындап, ел үшін туған азаматтардың ізін жалғап, өнегесімен өркендеп, бойындағы бар күш-жігерімен тынбай еңбек еткен, әдебиет пен өнерді сабақтап өңірімізде тұңғыш әдебиет және өнер музейінің ашылуына атсалысып, алғашқы директоры болған ұлт және мәдениет жанашыры, үш жүзге аты мәлім күрескер ақын-композитор Жаяу Мұсаның жиеншары Дүрманова Бикеш Орханқызына музейде тұрақты экспозиция ашылды. Музей – елдің тарихын, мәдениетін және өркениетін айғақтауда маңызды рөл атқаратын тәрбиелік орын. Ғасырлар қойнауынан сыр шертіп, бабалар мұрасынан тереңдей танытатын, ұлы тұлғалар мен олар өмір сүрген ортаны елестететін тарихи жәдігерлердің орны орасан зор. Тәуелсіздік алғаннан кейін рухани ұлттық мұраларымызды саралап, бүгінгі биіктен бағалау аса қажет. Бүгініміз – ертеңгі тарих екені ақиқат. Заман ауысып, дүние дидары өзгерсе де Ертіс-Баян өңірі біртуарларына халқымыздың көңілі айнымас. Қайта уақыт өткен сайын олардың ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа қырларына қаныға түседі. Қазақ марғасқалары халқымен бірге мәңгі бақи жасай береді. Ғасырлар қойнауынан жеткен баба мұраларын жинақтап, бір салаға түсірген Бикеш Орханқызының еңбегі еліміздің мәдени тарихында жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді»