Құрметті оқырман!

 

Бұхар жырау атындағы Павлодар облыстық әдебиет және өнер музейінің ресми сайтына қош келдіңіздер.

 

Ертіс-Баян өңірінің әдебиеті мен мәдениетінің, өнерінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың өмір жолына, еңбектеріне қатысты мол мұраны осы мекемеден таба аласыздар.

 

Аймақ өнер - әдебиетінің ірі өкілдері дегенде Бұқар жырау Қалқаманұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жаяу Мұса Байжанұлы, Естай Беркімбайұлы, Шәкен Айманов секілді тұлғалардың есімдері ойға оралады. Жалпы айтқанда, бұл өңір Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қошке Кемеңгеров, Жұмат Шанин, Иса Байзақов, Дихан Әбілев, Сәбит Дөнентаев, Қадыр Тайшықов, Мұзафар Әлімбаев, Қалижан Бекхожин, Қуат  және Суат Әбусейітовтер, Садық Кәрімбаев, Кәукен Кенжетаев, Шахан Мусин, Атығай Шанин, Жабай Тоғандықов,Рұстембек Омаров,Майра Шамсутдинова, Зейін Шашкин, Зейтін Ақышев, Қалмұқан Исабаев, Қабдыкәрім Ыдырысов, Мүбарак Жаманбалинов, Рамазан Тоқтаров, Нұтфолла Шәкенов, Аманжол Шәмкенов, Ахат Жақсыбаев, Мейрам Асылғазин, Есентай Ерботин сынды асылдардың кіндік қаны тамған өңір.

 

Экспонаты мол, әрі әсерлі бұрыштарының бірі жазушы Дихан Әбілевтың кабинеті. Мұнда жазушының жеке заттары, кітап шкафы, жазу үстелі, орындығы, домбырасы  т.б. бар.      Шәкен Аймановтың апатқа ұшырағанда үстінде болған тоны, Иса Байзақовтың ауруханада жатқанда ұстаған шәйнегі, Жүсіпбек Аймауытовтың өз қолымен жасаған қағаз кесетін ағаш пышағы т.б. заттары, Қамар Қасымовтың Нұтфолла Шәкеновке жасап берген домбырасы, белгілі аспапкер Тоқбай Жұмағұловтың балалайкасы музейге келушілердің көзіне ыстық көрінетін, жүрекке ерекше әсер ететін мейлінше құнды жәдігерлер.

 

Музейдің орналасқан үйі ескі сәулет бойынша 1897 жылы салынған, айшықты оюлармен көмкерілген мейлінше көрікті ағаш үй. Оның іші шамамен бес жүз шаршы метрдей. Осыдан 267 шаршы метрі экспозицияға пайдаланылуда.

 

Жыл сайын музейді 36 мың келуші тамашаласа, 110 астам бұқаралық іс шаралар, 260 тақырыптық лекция, 320 музейге шолу дәрісі, 100 көрме өткізіледі. Павлодар өңірінің ақын – жазушылары шығармашылығына арналған мектеп бағдарламасына сәйкестендірілген 25 астам тақырыптық лекциялар мектеп оқушыларына және студенттерге жүргізіледі.

 

Шығармашылық ізденісі жоғары ұжым әрдайымда қызықты материалдар, жаңашыл жұмыс жүйелерін іздестіру үстінде. Мазмұнды дәрістер, жалпы шолулар, поэзия және әдебиет, музыка кештерін, әдебиет және өнер тарландарымен кездесулер, конференциялар, дөңгелек үстелдер, ауыспалы көрмелер, конкурстар мен театрландырылған көріністер сынды көптеген іс шаралар өткізеді.

 

Осындай ауқымды шаралардан, тау тұлғаларымыздың өмір жолы мен шығармашылығына қатысты ақпараттардан бірінші болып хабардар болғыңыз келсе, ресми сайтымызға тіркеліңіз.