Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай музей қорындағы ақын-жазушылардың ыдыс-аяқ коллекциясынан «Сырлы аяқтың сыны кетпес» атты көрме өтті. Көрмеге Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Әлкей Марғұлан, Сәбит Дөнентаев, Шахан Мусин, Диқан Әбілев, Иса Байзақов, Рүстембек Омаров, Мұзафар Әлімбаев, Ләзиза Серғазина сынды тарихта есімдері алтын әріппен жазылған қайраткерлердің ыдыс-аяқтары қойылды.
Қазақ халқы ерте заманнан ыдыс-аяққа бай. Ыдыс-аяқтар мәні жағынан тек тұтыну бұйымы ғана емес, ұлттық дүниетанымда алар орны ерекше екені белгілі.
Көрмеге музей қорындағы 30-ға жуық ыдыс-аяқ қолданылу аясына байланысты топтастырылып қойылды.
Көрмеден мыс құман, шәйнек, самаурынды, торсықтарды, тостаған, керсен секілді ыдыстарды, сондай-ақ, дайын асты ішіп-жеуге арналған сапал ( кесе түрі), кәрлен, қасық, пиала, зерен, шыныаяқ тәрізді ыдыс-аяқтарды тамашалауға болды.