Алаштың боздағы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың: «Бір халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады. Сәні кетеді, сәні кетсе, жаны кетеді. Әнді сақтаудың қамын қылыңдар», – дегені бар.
Кеңес өкіметінің идеологиясы одақтың іргесін нығайта түсу үшін қазақтың елге сүйікті әндерін саясаттың ыңғайына жығып берген. Белгілі бір әндерді айтуға тыйым салынды, авторлары қудаланып, халық жауы атанды. Қазақтың әні сотталды, сөзі сотталды. Талай ән бұрмаланып, негізгі мәнін жоғалтты. Мысалы, Біржан салдың «Қозы көш» әнінің мәтіні идеологияның талабына сай қайта жазылды. «Ән салшы бір ғана» деп келетін жолы «Ән салшы бір бала» деп өзгеріп шыға келді. Үкілі Ыбырайдың «Толқын» атты әнінің қайырмасын: «Елім бар колхоз болып дүрілдеген» деп ауыстырып, ұжымдастыру науқанының насихатына пайдаланды. Осындай өзгеріске ұшырап жатқан кезде, тым болмаса әуенін сақтап қалу мақсатында Мақсұтбек Майшекин сияқты Иса да 40 қа жуық әндердің сөздерін қайтадан жазып шықты. Соның арқасында халық әндерінің көпшілігі Исаның көмегімен екінші рет өмірге келген. Қазір әні сақталып, қайтадан түлеп, елдің құлағында жүрген Назқоңыр әнінің сөзі қайтадан жазылды. Бұл әнді Әміре Қашаубаевтың сұрауымен және ақынның жұбайы Шәрбану Байзақоваға арнап жазған деседі. Асқақ ақын тіпті Жаяу Мұсаның “Көкаршын” әнін “Қосқанат” деп өзгертіп, жаңаша сөз жазған. Одан өзге “Заулатшы-ай”, “Қалқа”, “Смет”, “Көкен”, “Бике”, “Жар-жар”, “Жоныпалды”, “Япурай”, “Бір бидай”, “Үридай” және т.б. әндер бар.
Мұхтар Әуезов талантты ақынға “Шексіз даланың тасқын желі” деп ат қоюыда тегін емес. Себебі, Исаның құдіретті дарыны туғызған шығармалары ұрпақтың игілігіне асып, жаңа заманның, тәуелсіз еліміздің рухани қазынасына, ой дариясына, өнер әлеміне келіп ұласты. Ақынның әдеби мұрасы халық рухын көтеретін ұлттық идеямыздың сарқылмас қайнар көзі, таусылмас бұлағы болып қала бермек.